Астанада полиция алаяқтық схемаға қатысы бар 20 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметі бойынша, күдікті алаяқтық тобының арнайы курьері болған. Бір эпизодта жәбірленушілерден шамамен 7 млн теңге ұрланған.
Алаяқтар шетелден қоңырау шалып, өздерін түрлі мемлекеттік органдар мен қызметтердің өкілдері ретінде таныстырған. Кейін азаматтардан түрлі сылтаумен растау кодтарын алған.
Одан соң жәбірленушілерге полиция немесе eGov қызметкерлері ретінде қайта хабарласып, бейнеқоңырау арқылы өздерін қызметкер ретінде көрсеткен. Алаяқтар азаматтарды олардың есепшоттарына шабуыл жасалып жатқанына және өздері «дроппер» болып қалуы мүмкін екеніне сендірген.
Осыдан кейін жәбірленушілерге ақшаны банктен қолма-қол шешіп алып, «қауіпсіз жерде сақтау» үшін арнайы курьерге тапсыру ұсынылған.
Полиция мәліметінше, 20 жастағы күдікті алынған қаражатты криптовалютаға айырбастап отырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның жеке басы анықталып, тұрғылықты жерінде ұсталды.
Сондай-ақ осыған ұқсас тағы бір алаяқтық дерегі тіркелген.
Қазір аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан ақшаны курьерге беруді немесе «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейтінін ескертеді.
Мұндай қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, тиісті ұйымға оның ресми байланыс нөмірі арқылы өзіңіз хабарласу қажет.