Астана қайтадан «Венецияға» айналды

Астана қайтадан «Венецияға» айналды
Коллаж: видеодан кадр

Кеше, 23 шілде күні Астанада небәрі 10–15 минутқа созылған нөсер жауыннан кейін қаладағы бірнеше көшені су басты, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан жолдардың өзенге айналып, кейбір жеңіл көліктердің су ортасында қалып қойғанын көруге болады.

Нөсерден кейін қалада бұршақ жауып, найзағай ойнады. Ауа райының күрт құбылуы тұрғындарды әбігерге салды.

Осы жағдайға қатысты City Transportation Systems (CTS) компаниясы түсініктеме беріп, оқиғаның төтенше жағдай емес екенін мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, су ағуы инженерлік жүйелерді іске қосу және реттеу жұмыстары кезінде орын алған.

Қазіргі уақытта анықталған ақауларды жою және нысанның толық герметикалығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. CTS мәліметінше, Tarlan Astana станциясы штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, бұл Астанадағы алғашқы жағдай емес. 2025 жылы да нөсер жаңбырдан кейін қаланың бірнеше көшесін су басып, көлік қозғалысы қиындаған болатын. Ол кезде де әлеуметтік желілерде көшелердің өзенге айналғаны, көліктердің суда қалғаны туралы видеолар кең тараған еді. Мамандар мұндай жағдайды қысқа уақыт ішінде жауын-шашын мөлшерінің нормадан бірнеше есе артуымен және жаңбыр суын ағызу жүйесіне түсетін жүктеменің көбеюімен байланыстырған.