Арыс әкімінің ұлы қатысқан жол апатына қатысты қылмыстық іс рақымшылықпен тоқтатылды

Арыс әкімінің ұлы қатысқан жол апатына қатысты қылмыстық іс рақымшылықпен тоқтатылды
видеодан скриншот

Астана–Павлодар тасжолындағы жол апатынан кейін 21 жастағы студент Талғаттың екі аяғынан айырылуына қатысты қылмыстық іс рақымшылық негізінде тоқтатылды. Көлікті Арыс әкімі Қайсар Манкараевтың ұлы басқарған, деп хабарлайды ult.kz.

Павлодар облысының полиция департаменті істің 16 қыркүйекте тоқтатылғанын хабарлады. Қылмыстық іс 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданған. Зардап шеккен тарапқа азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну ұсынылған.

Жол апаты 2026 жылғы 29 мамырда Астана–Павлодар тасжолында болған. Көлік металл жол қоршауына соғылып, қоршау салонды тесіп өткен. Соның салдарынан жолаушы Талғат ауыр жарақат алып, кейін екі аяғын ампутациялауға тура келген.

Талғаттың әпкесі Гүлсүмнің айтуынша, қазір ол үйде ем қабылдап жатыр және тағы бір операция күтіп отыр. Оның сөзінше, оңалтуға байланысты негізгі шығындар әлі алда. Сондай-ақ ол шілде айының басынан бері жүргізушінің отбасы зардап шеккендердің туыстарымен байланыспағанын және көмек көрсетпегенін айтқан. Бұл — зардап шеккен тараптың мәлімдемесі.

Бұған дейін Арыс әкімі Қайсар Манкараев көлікті ұлы басқарғанын растаған. Ол қызметтік өкілетін пайдаланып, тергеуге араласпайтынын мәлімдеген.

«Заң бәріне бірдей болуы керек, оның ішінде менің отбасы мүшелеріме де», — деген әкім.