Ақтөбеде қоқыс жәшігінен табылған жаңа туған нәрестеге дәрігерлер “Батыр” есімін берді. Қазір сәби облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр, оның жағдайы тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ult.kz.
Мамандардың айтуынша, ауруханаға түскен кезде нәрестенің салмағы 2 келі 900 грамм болған. Қазіргі таңда оның салмағы 3 келіден асып, денсаулығында оң динамика байқалғанымен, дәрігерлер жағдайын әлі де орташа ауыр деп бағалап отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Әлия Шарбақованың айтуынша, сәби толық медициналық бақылауда.
“Қажетті барлық ем көрсетілуде. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін бала ‘Үміт’ сәбилер үйіне орналастырылады”, – деді ол.
Құқық қорғау органдары баланың анасын анықтау және оқиғаның мән-жайын тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабарланған болатын. Тұрғындар жылаған дауысты естіп, жедел жәрдем мен полиция шақырған. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында сәби аман қалған.