Ақтөбеде оқушының жүрегіне пышақ сұғылған: 18 жастағы студенттің соты басталды

Ақтөбеде оқушының жүрегіне пышақ сұғылған: 18 жастағы студенттің соты басталды
ашық дереккөзден

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 17 жастағы оқушының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Оқушыны өлтірді деп 18 жастағы бірінші курс студенті айыпталып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

КТК арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға 19 наурызда болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, сол күні екі топ жасөспірім арасында жанжал шығып, арты жаппай төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде 17 жастағы Әлихан Жәнібековтің жүрек тұсына пышақ тиіп, ол көз жұмған.

Прокурордың көмекшісі Гүлзира Көшербаеваның айтуынша, сотталушы жанжал кезінде пышақ қолдануды алдын ала ойластырған. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, ол Оралдан Шалқарға осы мақсатпен келген.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға болған күні кешкі сағат 22:00 шамасында сотталушы жүргізуші куәлігі болмаса да, анасының көлігін рұқсатсыз алып, достарымен қаланың екінші бөлігіне барған. Оның жанында аңшылық пышағы болған.

Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамайды. Ол тек көлікті анасының рұқсатынсыз жүргізгенін мойындап, пышақты өзіне шабуыл жасалғандықтан қорғану үшін қолданғанын айтты.

«15 шақты жігіттің маған қарай жүгіріп келе жатқанын көрдім. Әлихан қолымнан ұстап алды, қалғандары жабылды. Өліп кетуім немесе мүгедек болып қалуым мүмкін деп қорықтым. Сондықтан пышақпен ұрдым», – деді ол сотта.

Марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Олардың айтуынша, сотталушы және оның достары Әлихан тұрған ауданға әдейі келген. Жасөспірімдер мектеп оқушыларын тауып, оларды кездесуге шақырған.

«Олар Әлихан тұратын ауданға әдейі келген. Оқушыларды тауып алып, телефонға түсірген. Кейін бейнені жіберіп, үлкендері кездесуге келмесе, оларды жазалайтындарын айтқан. Әлихан сол жерге осылай барған», – деді марқұмның туысы Ағила Әліманова.

Сотта бұған дейін де сотталушының заңмен мәселесі болғаны айтылды. Бір жыл бұрын ол Шалқар тұрғынын ұрып-соққаны үшін жауапқа тартылған. Алайда сотталушы бұл оқиғаның мән-жайын есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді.

Сотталушы марқұмның туыстарынан көпшілік алдында кешірім сұрап, Әлиханды өлтіру ниеті болмағанын айтты. Ал іс материалдарына сәйкес, пышақ жарақатын салғаннан кейін ол оқиға орнынан кетіп, ТЖО ғимаратына жасырынған.

Сот енді сол түні болған оқиғаның нақты мән-жайын анықтайды. Марқұмның туыстары сотталушыға ең ауыр жаза тағайындауды талап етіп отыр.