Freedom Inside '26

Ақтөбеде мүгедектік пен баспанаға «көмектесемін» деген күдікті миллиондап ақша алған

Ақтөбеде мүгедектік пен баспанаға «көмектесемін» деген күдікті миллиондап ақша алған
egemen.kz

Ақтөбеде әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеуге көмектесемін деп азаматтарды алдаған деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі уәделер беру арқылы олардың ақшасын иемденген.

Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, ол 51 жастағы әйелге баласының мүгедектік тобын III топтан II топқа ауыстырып беремін деп сендіріп, 400 мың теңге алған.

Тағы бір жағдайда күдікті кәмелетке толмаған мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 27 жастағы тұрғынға тұрғын үй кезегін жылжытып, баспаға алуға көмектесетінін айтып, 1 миллион теңге иемденген. Алайда уәдесін орындамай, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.

Аталған фактілер бойынша алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар полиция күдіктінің өңірде жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Полиция департаменті азаматтарға мүгедектік тобын белгілеу немесе өзгерту, сондай-ақ тұрғын үй кезегіне қою мен оны жылжытуға қатысты мемлекеттік қызметтердің тек заңда белгіленген тәртіппен көрсетілетінін еске салды. Құқық қорғау органдары мұндай қызметтерді ақшаға «жеделдетіп» береміз деген адамдарға сенбеуге шақырады.