Ақтөбе облысында ер адам танысының ұялы телефоны арқылы өз есепшотына заңсыз түрде 1 миллион теңге аударып алған, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, 41 жастағы күдікті танысымен бірге спирттік ішімдік ішіп отырған. Осы сәтті пайдаланған ол танысының назары басқа жаққа ауғанда оның телефонын алып, банк қосымшасына кіріп, өз шотына 1 миллион теңге аударған.
Жәбірленуші қаржының жоғалғанын бірнеше күннен кейін банк операцияларын тексеру кезінде ғана байқап, бірден полицияға арызданған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Тергеу кезінде ер адам кінәсін толық мойындап, заңсыз иемденген қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсап үлгергенін айтқан.
Аталған факті бойынша ұрлық дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.