Биылғы алты айда Қазақстанда 379 адам астан уланып, олардың 141-і балалар болған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71 адамға көп. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Комитет төрағасының айтуынша, тамақтан улану деректерінің негізгі себептері – қоғамдық тамақтану орындарының санитарлық талаптарды сақтамауы. Атап айтқанда, рұқсат құжаттарының болмауы, медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлердің жұмыс істеуі, тағам өнімдерін дұрыс сақтамау және ас әзірлеу технологиясының бұзылуы жиі кездеседі.
Осыған байланысты биыл сегіз қылмыстық іс қозғалды. Оның алтауы бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатса, екі іс сотқа жолданған. Сонымен қатар, тұтынуға жарамсыз деп танылған 94 келіден астам тағам өнімі айналымнан алынды.
Жыл басынан бері қоғамдық тамақтану саласындағы 20 мыңнан астам нысанның 600-і тексеріліп, санитарлық талаптарды бұзған кәсіпкерлерге жалпы сомасы 50 млн теңге айыппұл салынды. Алты нысанның қызметі уақытша тоқтатылды.
Сархат Бейсенова Ақтөбе облысындағы жаппай улану оқиғасына қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын айтты.
– Ақтөбе облысында барлығы 188 адам уланды, олардың бір бөлігі әлі де ем қабылдап жатыр. Тексеру барысында мейрамхананың рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені, тағамдарды сақтау талаптарын бұзғаны және қызметкерлерінің медициналық тексеруден өтпегені анықталды, – деді комитет төрағасы.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында тойға қатысқан ондаған адамның жаппай астан уланғаны туралы хабарланған болатын.