Ақтаудағы танымал «Хан Тамада» қамалды

Ақтаудағы танымал «Хан Тамада» қамалды
Фото: әлеуметтік желі

Ақтауда «Хан Тamada» лақап атымен танымал шоумен Қасым Өтешев қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 13 мамырда Өтешевке қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылған. Құжатқа сәйкес оған азаматтық жұбайымен байланыс орнатуға, телефон шалуға, тұрғылықты жеріне баруға және еркінен тыс кездесуге тыйым салынған.

Алайда 21 мамыр күні Ақтаудағы пәтерлердің бірінде олардың арасында жанжал туындаған. Жәбірленушінің айтуынша, шоумен оны құрбысының көзінше балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл жайтты сотта куәгер де растаған.

Қасым Өтешев сот барысында өз кінәсін мойындамай, жанжалды азаматтық жұбайы бастағанын алға тартты. Соған қарамастан сот оның кінәсі әкімшілік хаттама, жәбірленушінің арызы және куәгердің айғақтарымен дәлелденген деген шешім шығарды.

Сот қаулысына сәйкес, әкімшілік қамау мерзімі 22 мамырдан бастап есептеледі. Қаулы 2 маусым күні заңды күшіне енген.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым Өтешев пен жұбайына қатысты жеке сипаттағы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Кейін аталған жазбаның таралуына байланысты өтемақы өндіру мәселесі көтерілген еді. Енді бұл оқиғаға отбасылық жанжалға қатысты сот шешімі қосылып отыр.