Freedom Inside '26

Ақтауда университет оқытушылары туралы жалған ақпарат таратқан әйелге айыппұл салынды

Ақтауда университет оқытушылары туралы жалған ақпарат таратқан әйелге айыппұл салынды
ашық дереккөз

Ақтау қаласының Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты азаматша Р.-ға қатысты жала жабу фактісі бойынша әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды ult.kz.

Соттың мәліметінше, іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша қаралған. Аталған бап басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе іскерлік беделіне зиян келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді көпшілік алдында, бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация желілері арқылы таратқаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Іс материалдарына сәйкес, биыл мамыр айында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында азаматша Р.-ның Facebook, Instagram және WhatsApp чаттарында жариялаған жазбалары анықталған.

Соттың анықтауынша, ол жарияланымдарда Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті оқытушылары туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратқан. Бұл ақпараттар ұстаздардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірген деп танылған.

Сот отырысында азаматша Р. өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, кінәсін мойындамаған. Ал университет өкілі оны заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.

Сот барысында құқық бұзушының кінәсі жәбірленушінің түсініктемелерімен, әлеуметтік желілердегі жарияланымдармен, қызметкерлердің ұжымдық арызымен, полиция инспекторының рапортымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және өзге де дәлелдермен расталған.

Нәтижесінде сот азаматша Р.-ны кінәлі деп танып, оған 180 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 778 500 теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.