Ақтауда №1 мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде 10 және 11-сынып оқушылары төбелесіп, екі 10-сынып оқушысы ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды ult.kz.
Lada.kz басылымының жазуынша, оқиға 5 қазанда футбол ойыны кезінде болған. Зардап шеккен оқушының анасының айтуынша, ұлы мен 11-сынып оқушыларының бірі арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Оның сөзінше, жанжалға кейін басқа жоғары сынып оқушылары да араласып, ұлын бірнеше рет ұрған. Ара түскен сыныптасы да соққыға жығылған.
Анасының айтуынша, ұлы төбелес кезінде бірнеше рет есінен танып, кейін басы айналып, жүрегі айнып, денесінде көгеру мен ісік пайда болған. Ол баласының басынан жарақат алғанына алаңдап отыр.
Әйелдің сөзінше, оқиға кезінде дене шынықтыру мұғалімі сабақта болғанымен, жанжалды тоқтата алмаған.
Ақтау қалалық білім бөлімі төбелес болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, оқушылар арасындағы түсініспеушілік жанжалға, кейін төбелеске ұласқан. Оқиғадан соң мектепте инспектордың қатысуымен оқушылар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Полиция оқиғаға қатысы бар жасөспірімдер мен олардың ата-аналары бөлімшеге жеткізілгенін хабарлады. Кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы тексерілген.
Полиция мәліметінше, ата-аналар бала тәрбиесі мен оқыту міндеттерін тиісінше орындамағаны және балаларының бұзақылық әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылған. Іс материалдары Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданған. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды.
Ал зардап шеккен оқушының анасы жанжалға қатысты толыққанды тексеру жүргізілуін талап ететінін мәлімдеді.