Ақтауда липосакциядан кейін әйел ауыр халде ауруханаға түсті

Ақтауда липосакциядан кейін әйел ауыр халде ауруханаға түсті
Lada.kz архивінен

Ақтауда жеке емханада липосакция жасатқан тұрғынның денсаулығы күрт нашарлап, оған шұғыл ота жасауға тура келді. Қазір бұл оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Lada.kz жазуынша, Ақтау тұрғыны Камила Нұржанның айтуынша, липосакциядан кейін іш тұсы қатты ауырып, қабыну пайда болған. Кейін жарадан ірің ағып, жағымсыз иіс шыға бастаған. Ол бірнеше рет ота жасаған емханаға жүгінгенімен, дәрігерлер мұны қалыпты оңалу процесі деп түсіндіріп, күте тұруға кеңес берген.

Алайда жағдайы нашарлаған әйел 29 маусымда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына шұғыл жеткізіліп, оған жедел операция жасалған. Дәрігерлер оған құрсақ қабырғасының флегмонасы – жұмсақ тіндердің жедел іріңді қабынуы диагнозын қойған. Ота барысында зақымданған аймақ тазартылған.

Пациенттің сөзінше, липосакция жасаған клиника асқынуды ағзаның жеке ерекшелігімен байланыстырып, жауапкершілікті мойындамаған.

Осыдан кейін әйел Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына шағым түсірген. Ол клиниканың лицензиясын, санитариялық талаптардың сақталуын, көрсетілген медициналық көмектің сапасын және дәрігерлердің әрекетін тексеруді талап етіп отыр. Сонымен қатар процедураға төлеген 450 мың теңгені қайтаруды және заңбұзушылық анықталған жағдайда кінәлілерді жауапқа тартуды сұрайды.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті аталған шағым негізінде пластикалық хирургия мен эпидемиология саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көпбейінді ауруханадан түскен шұғыл хабарлама негізінде эпидемиологиялық зерттеу басталғанын хабарлады. Оның қорытындысы кейін жарияланады.

Сонымен бірге Маңғыстау облыстық Полиция департаменті 13 шілдедегі жағдай бойынша бұл оқиғаға қатысты Камила Нұржаннан ресми арыз түспегенін мәлімдеді. Сондықтан қылмыстық іс тіркелмеген. Полиция арыз түскен жағдайда заң аясында тиісті шешім қабылданатынын атап өтті.

Камила Нұржан липосакция жасау туралы шешімді клиниканың Instagram желісіндегі парақшасын көргеннен кейін қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, процедура алдында клиниканың лицензиясы мен дәрігердің біліктілігін тексермеген. Сондай-ақ оған ауыр асқынулардың болуы мүмкін екені толық түсіндірілмегенін жеткізді.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.