Ақтауда бес күнге дрон ұшыруға тыйым салынды: талапты бұзғандарға айыппұл салынады

Ақтауда бес күнге дрон ұшыруға тыйым салынды: талапты бұзғандарға айыппұл салынады
bossagro.kz

Ақтау қаласында 22–26 шілде аралығында пилотсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) ұшыруға уақытша тыйым енгізілді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, шектеу аталған күндері өтетін оқу-жаттығу іс-шараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Сондай-ақ әкімдік Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация комитетінде тіркелмеген және заңнамаға сәйкес есепке қойылмаған пилотсыз әуе кемелерін пайдаланған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 563-бабына сәйкес, талапты бұзғандарға айыппұл салынады», – делінген ресми хабарламада.

Осыған байланысты тұрғындарға уақытша шектеуді сақтап, тіркелмеген дрондарды пайдаланбау ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін дрондар мен жасанды интеллект технологияларының энергетика саласындағы ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік беретіні туралы хабарланған болатын.