Ақтауда балаларға тегін балмұздақ таратқан кәсіпкерге айыппұл салынды

Ақтауда балаларға тегін балмұздақ таратқан кәсіпкерге айыппұл салынды
mir-tema.ru

Ақтауда сауда орнының ашылуына орай балаларға тегін балмұздақ пен йогурт таратқан кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 1 тамыз күні 14-шағынаудандағы кәсіпкерлік нысандардың бірінде болған. Ашылу рәсімі аясында кәсіпкер балаларға 50 балмұздақ пен 30 йогуртты тегін үлестірген.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, мұндай көпшілік қатысатын акцияларды өткізер алдында жергілікті атқарушы органнан тиісті рұқсат алынуы тиіс. Бұл талап орындалмағандықтан, кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.

Әкімдік кәсіпкерлердің әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларын қолдайтынын, алайда мұндай іс-шаралар қолданыстағы заң талаптарына сай ұйымдастырылуы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ ведомство балаларға арналған акцияларды өткізген кезде адамдардың жаппай жиналуынан туындауы мүмкін қауіптерді ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға және алдын ала қажетті рұқсаттарды рәсімдеуге шақырды.