АҚШ-та табылған мәйіт бұған дейін із-түзсіз жоғалып кеткен Қазақстан азаматына тиесілі болуы мүмкін. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, бұл ақпарат министрлікке брифинг басталар алдында ғана АҚШ-тағы әріптестерінен келіп түскен.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың құзыретті органдарынан Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат алды. Қазіргі уақытта Америка тарапы барлық қажетті рәсімдерді жүргізіп жатыр. Біздің дипломаттар АҚШ-тың құзыретті органдарымен және азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста. Оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде», – деді Ерлан Жетібаев.
СІМ өкілінің сөзінше, әңгіме Чикаго қаласы маңында тұрған Қазақстан азаматы туралы болып отыр. Ведомство АҚШ тарапының ресми қорытындылары шыққаннан кейін қосымша ақпарат беретінін хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде 24 жастағы қазақстандық Әсет Құралбайдың АҚШ-та жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Ол Иллинойс штатындағы Форд-Хайтс (Ford Heights) ауданында тұрған.
Жақындарының айтуынша, Әсет соңғы рет 2026 жылдың 2 маусымында байланысқа шыққан. Ал 7 маусымнан бері оның телефоны өшірулі болған. Құжаттары мен банк карталары үйінде қалғаны айтылған.
Кеше Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтың жоғалып кету фактісінен хабардар екенін мәлімдеп, қазақстандық дипломаттардың АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлаған еді.
Қазіргі уақытта табылған мәйіттің кімге тиесілі екені ресми түрде нақтыланып жатыр. Тергеу мен сараптама нәтижелері жарияланғаннан кейін қосымша мәлімет беріледі.