АҚШ-тың Чикаго қаласында тұратын қазақстандық азамат із-түссіз жоғалып кетті. 24 жастағы Әсет Құралбай соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бастап оның телефоны өшірулі күйде болған, деп хабарлайды ult.kz.
Жігіттің жеке құжаттары мен банк карталары үйінде қалған. 10 маусым күні полиция оның Toyota Camry көлігін тапқанымен, азаматтың өзі әлі күнге дейін табылған жоқ.
Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін, оқиғаны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады.
«Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың Чикагода жоғалып кетуіне байланысты Сыртқы істер министрлігі хабардар. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзыретті органдарымен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста екені айтылды.