Алматы қаласындағы №126 мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысы соңғы қоңырауға бірнеше күн қалғанда көз жұмды. Қайғылы оқиға 23 мамырға қараған түні Әуезов ауданында болған, деп хабарлайды Ult.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Orda.kz мәліметінше, марқұм білім ордасындағы үздік оқушылардың бірі болған. Оның қазасы туыстары мен ұстаздары үшін күтпеген жағдайға айналып, көпшілікті есеңгіретіп отыр.
Мектеп директоры Айжан Әбуеваның айтуынша, жасөспірім оқу үлгерімі жоғары, болашағынан зор үміт күттірген шәкірттердің қатарында болған.
– Ол өте жақсы оқыды. Кейін белгілі болғандай, АҚШ пен Қытайдағы жоғары оқу орындарынан шақырту алған екен. Бұл туралы мектеп ұжымы жерлеу рәсімінде ғана білді. Сонымен қатар қатарлас сыныптағы қызбен қарым-қатынаста болған, – деді директор.
Түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуде де жоғары нәтиже көрсеткен. Қаңтар айындағы ҰБТ-да 119 балл жинап, кейінгі сынақтардың бірінде 134 балл алған. Ол мамыр айында негізгі емтихан тапсыруы тиіс еді. Сондай-ақ математика пәнінен түрлі олимпиадаларға тұрақты қатысып жүрген.
Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, қайғылы оқиғаға дейін оның мінез-құлқынан алаңдатарлық ешқандай белгі байқалмаған. Оқиға қарсаңында, 22 мамыр күні оқушы соңғы қоңырауға арналған вальс биінің дайындығына қатысып, көтеріңкі көңіл күйде жүрген.
– Соңғы қоңырау салтанатында мұғалімін биге шақыратынын айтып жүрді. Сол күні үйіне келіп, анасына бірге ет жеуді ұсынған. Алаңдарлық ештеңе болмаған, – дейді мектеп директоры.
Белгілі болғандай, марқұм отбасындағы үшінші бала болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аясында түрлі нұсқалар, оның ішінде отбасылық жағдайларға қатысты болжамдар да қарастырылуда.
Сынып жетекшісінің айтуынша, оқушының ата-анасы мектеп өміріне белсенді араласып, жиналыстарға тұрақты қатысқан. Мұғалімдер тарапынан отбасыда қандай да бір күрделі мәселе бар деген белгі байқалмаған.
Құзырлы органдар оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.