Ақмола облысының Целиноград ауданында кірпіш зауытының құрылысында рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп жүрген 75 Қытай азаматы анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 9 қыркүйекте полиция қызметкерлері Жабай ауылының маңында салынып жатқан кірпіш зауытына тексеру жүргізген. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарын заңсыз атқарып жүрген шетел азаматтары анықталып, барлығы аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
Полиция мәліметінше, шетелдіктер көші-қон заңнамасын бұзып, тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек еткен. Оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар екі күн ішінде көші-қон полициясы 59 заң бұзушылықты анықтаған. Оның 39-ына шетел азаматтары қатысы бар. Бұдан бөлек, шетелдіктерге тұрғын үй беріп, бұл туралы полицияға хабарламаған 18 жағдай тіркелді.