Ақмола облысының Степногорск қаласында терапевт дәрігер қызметтік пәтерін жекешелендіре алмай, баспанасынан айырылып қала жаздаған. Мәселеге прокуратура араласып, медицина қызметкерінің құқығын қорғады, деп хабарлайды ult.kz.
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, дәрігерге 2013 жылы жас маман ретінде қызметтік баспана берілген. Ол заң бойынша қажетті 10 жылды адал еңбек етіп өтеген.
Алайда кейін дәрігерге пәтерді жекешелендіруге рұқсат берілмеген. Бұған қалалық емхананың жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілуі себеп ретінде көрсетілген.
Прокуратура тексеру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы келісімнің медицина қызметкерінің тұрғын үй құқықтарын шектемейтінін анықтады.
Сонымен қатар дәрігер заң талаптарына сәйкес келген және оның басқа баспанасы болмаған.
Прокуратураның араласуынан кейін жекешелендіруге кедергі болған заңсыз шектеулер жойылып, медицина қызметкерінің қызметтік пәтерді жекешелендіруге құқығы ресми түрде танылды.