«Ақ жол» фракциясы байланыс операторларының тариф саясатын сынға алды

«Ақ жол» фракциясы байланыс операторларының тариф саясатын сынға алды
pexels

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж.Х. Мәдиeвке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттар мобильді байланыс нарығында азаматтардың құқықтарына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Kcell/Activ және өзге де операторларға қатысты абоненттерден түсетін шағымдар санының артып отырғаны айтылды.

Мәжіліс депутаттарының мәліметінше, кейбір пайдаланушылардың келісімінсіз «Fun Online», «My Games», «Cinema Games», «New Happy Bonus» сияқты ақылы сервистер автоматты түрде қосылып, абонент шотынан тұрақты түрде қаражат шешіп отырған жағдайлар кездеседі.

Сонымен қатар, абоненттерге бірнеше сервистің қатар қосылуы, ал жазылымдар туралы хабарламалардың уақытылы жетпеуі немесе назардан тыс қалуы салдарынан азаматтардың қаражаты ұзақ уақыт бойы себепсіз азайып отырғаны көрсетілді.

Beeline Kazakhstan абоненттеріне қатысты да мәселе көтерілді. Депутаттардың айтуынша, тарифті төлеуге жеткілікті қаражат болмаған жағдайда қызметті уақытша тоқтату орнына абонент автоматты түрде қымбат базалық тарифке ауыстырылады. Бұл бірнеше сағат ішінде баланстың тез таусылуына әкелуі мүмкін.

Депутаттар мұндай тәжірибені әділетсіз деп бағалап, пайдаланушыға тек жетпеген соманы толықтыру мүмкіндігін беру, ал тариф шарттарын өзгерту тек абоненттің нақты келісімімен жүзеге асуы тиіс екенін ұсынды.

Сондай-ақ, байланыс операторлары қолданатын «аванстық толтыру» жүйесі де сынға алынды. Депутаттардың есептеуінше, 20%-ға дейін жететін комиссия қысқа мерзімді қаржылық операцияны жоғары пайыздық мөлшерлемеге теңестіріп, тұтынушыларға қосымша жүктеме түсіреді.

Фракция өкілдері мобильді қосымшалар мен жеке кабинеттерде барлық ақылы қызметтер, жазылымдар және есептен шығулар туралы толық ақпараттың ашық көрсетілуін талап етті. Сонымен қатар, пайдаланылмаған интернет-трафиктің бір бөлігін келесі айға ауыстыру тетігін енгізу ұсынылды.

«Ақ жол» фракциясы аталған мәселелер бойынша кешенді тексеру жүргізіп, мобильді байланыс нарығындағы тарифтеу мен қызмет көрсету тәжірибесін қайта қарауды ұсынды.