Freedom Inside '26

Ана мен баланы қорғау: Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім тарихи ең төменгі деңгейге түсті

Ана мен баланы қорғау: Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім тарихи ең төменгі деңгейге түсті
zakon.kz

Қазақстан жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу көрсеткіші бойынша айтарлықтай жетістікке жетті. 2026 жылғы наурызда жарияланған Дүниежүзілік банк тобы, ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ және IGME ұйымдарының бірлескен есебіне сәйкес, елімізде неонаталдық өлім-жітім деңгейі (нәресте өмірінің алғашқы 28 күні) 1000 тірі туғанға шаққанда 3,9-ды құрады. Бұл – 2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы ең төменгі көрсеткіш.

Осы нәтижемен Қазақстан дамыған мемлекеттердің деңгейіне жақындады. Мәселен, АҚШ-та бұл көрсеткіш 1000 тірі туғанға шаққанда 3,7-ні құрайды.

Елімізде неонаталдық көмекті жетілдіру мен заманауи перинаталдық технологияларды енгізудің арқасында салмағы небәрі 500 грамм болатын шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу мүмкіндігі едәуір артты. Бүгінде мұндай сәбилер республикалық және өңірлік перинаталдық орталықтарда сәтті емделіп, қажетті күтім алады.

Мамандардың кәсіби біліктілігі мен жаңа технологиялардың нәтижесінде өте төмен салмақпен туған балалардың өмір сүру көрсеткіші соңғы жылдары төрт есеге өсті. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары нәтижелердің бірі.

Қазақстанда жыл сайын шамамен 20–22 мың шала туған сәби дүниеге келеді. Бұл жалпы босанулардың шамамен 5 пайызын құрайды. Соңғы он жыл ішінде атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде нәрестелер өлім-жітімі 1,5 есеге, ал неонаталдық өлім-жітім екі есеге азайды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш тарихи ең төменгі деңгейге – 1000 тірі туғанға шаққанда 3,1-ге дейін төмендеді.

Шала туған нәрестелерді күтіп-баптау – жоғары жауапкершілікті талап ететін үздіксіз жұмыс. Мұндай сәбилердің ағзалары толық жетілмегендіктен, олар тәулік бойы бақылауда болады. Дәрігерлер мен мейіргерлер әрбір нәрестеге күн сайын 20-дан астам өмірлік маңызды емшара жүргізеді.

Балалардың денсаулығын ерте кезеңнен бақылау мақсатында елімізде неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық және даму скринингтері енгізілген. Сонымен қатар, нәрестелер ауруханадан шыққаннан кейін де катамнез бағдарламасы арқылы бақылауда болып, ықтимал денсаулық мәселелері дер кезінде анықталады.

Қазақстан халықаралық қауіпсіз ана болу қағидаттарын және озық перинаталдық технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия қызметі нығайтылып, медицина мамандары елімізде де, шетелде де тұрақты түрде біліктілігін арттыруда.

Алдағы кезеңде неонаталдық көмекті ұйымдастырудың жаңа стандарты іске асырылып, басты мақсат ретінде әрбір нәрестенің өмірін сақтау айқындалды. Сонымен қатар, мерзімінен бұрын босану жағдайларын азайту, репродуктивтік денсаулықты нығайту және инфекциялардың алдын алу денсаулық сақтау саласының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.

Ана мен баланың денсаулығын қорғау – дені сау ұлт қалыптастырудың ең маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде елімізде жүкті әйелдерге сапалы медициналық көмек көрсету, шала туған нәрестелерді аман алып қалу және олардың толыққанды дамуына жағдай жасау үшін заманауи технологиялар кеңінен қолданылып келеді.

Осындай қамқорлықтың арқасында өмір үшін күресіп, бүгінде сауығып келе жатқан сәбилердің бірі – Ахметжан Нұрболатұлы. Ол жүктіліктің небәрі 29 аптасында, салмағы 1 337 грамм болып дүниеге келген. Туған сәтте жағдайы ауыр болғанымен, дәрігерлердің кәсіби көмегі мен уақытылы емнің нәтижесінде оның денсаулығы біртіндеп жақсарып келеді.

Ахметжанның анасы Арайлым Бердімбаеваның айтуынша, жүктілік кезінде күтпеген асқынулар болып, сәби мерзімінен бұрын өмірге келген. 

«Басында неден болғаны нақты белгісіз еді. Менде қан қысымы, қант сияқты диагноздар болған жоқ. Тек жүктіліктің басынан-ақ жатыр төмен орналасқан деп айтылған. Соған байланысты су кетіп, қан кету болып, ерте босанып қалдым. Өкпесі де, жалпы дамуы да жақсарып келеді, анализдері жақсы шығып жатыр. Барлық тексеру жасалды – УДЗ, ЭЭГ. Қорытынды бойынша жалпы жағдайы жақсы, жүрек жағында кішкентай тесік бар, бірақ ол өздігінен бітеді деп түсіндірді. Қазір жалпы жағдайы тұрақты, шығаруға болады деп отыр. Осы жерде шамамен он күндей жаттық», – дейді анасы Арайлым Бердімбаева. 

Осындай тағдырды бастан өткерген тағы бір сәби – Томирис. Ол жүктіліктің 27 аптасында небәрі 640 грамм салмақпен дүниеге келген. Өмірінің алғашқы күндерінен бастап қарқынды терапия бөлімінде ем алып, тыныс алу аппараттарының көмегіне мұқтаж болды. Кейін көру қабілетін сақтау үшін жоғары технологиялық лазерлік ота жасалып, бірнеше кезеңнен тұратын ем шаралары жүргізілді.

Томиристің анасы Айгерім Дүйсенбаеваның айтуынша, қызының қазіргі жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. 

«Алматыда көзге ота жасалды. Ол жақта да шамамен 20 күн жаттық. Жалпы алғанда 60 күн ауруханада болдық. Сол уақытта қызымның салмағы 1 кг 800 грамға жетті. Екі килограммға толмай үйге шығарылдық. Қазір де бақылаудамыз. Шала туған балалар толық дамып кетуі бірден болмайды, уақыт өте келе дамиды. Басында бірнеше диагноз болды, соның ішінде жүректе де ақау болған, кейін бір бөлігі өздігінен жабылды. Эпилепсияға күдік те болған. Қазір біртіндеп жағдайы тұрақталып келеді.
Ерте босануыма себеп менде қан қысымының жоғарылауы және ісіну болды. Сол себепті жүктілік асқынып, ерте босануға тура келді. Бұл үшінші балам. Бұған дейінгі балаларым да шала туған жағдай болған, бірақ дәл мұндай жеңіл салмақта емес», – дейді Томиристің анасы Айгерім Дүйсенбаева. 

Дәрігерлердің тұрақты бақылауы мен ата-ананың жауапкершілігінің арқасында сәби қалыпты дамуға қадам басқан. Мұндай балаларға уақыт, тұрақты бақылау және үздіксіз оңалту шаралары аса маңызды екенін ол ерекше атап өтті.

Мамандардың айтуынша, шала туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмек жыл сайын жетілдіріліп келеді. Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімінде туа біткен даму ақаулары бар балаларға күрделі хирургиялық операциялар жасалып, олардың өмірін сақтап қалуға барлық мүмкіндік қарастырылған.