Ақмола облысында 23 жаңа туған нәрестеге мемлекет есебінен берілуі тиіс «Ана мен бала» жинақтары уақытында табысталмаған. Бұл заң бұзушылықты аудандық прокуратура анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Прокуратураның мәліметінше, Астрахан аудандық прокуратурасы денсаулық сақтау саласындағы заң талаптарының сақталуын тексеру барысында аудандық аурухананың кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қарастырылған «Ана мен бала» жинақтарын 23 сәбиге дер кезінде бермегені белгілі болған.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін аурухана анықталған заң бұзушылықтарды жою шараларын қабылдап, мемлекеттік сатып алу арқылы 120 дана «Ана мен бала» жинағын сатып алған.
Нәтижесінде 23 нәрестенің құқығы қалпына келтіріліп, биыл дүниеге келетін сәбилерді қажетті жинақтармен қамтамасыз ету үшін жеткілікті қор жасақталған.
Прокуратура азаматтардың әлеуметтік маңызы бар салалардағы құқықтарын қорғау жұмыстары тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.