Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының шектен тыс шарықтауы тағы да қоғам назарын аудартты. Күнделікті тұтынатын нан мен азық-түліктің бағасы халық қалтасына салмақ салған тұста, бақылау органдары делдалдық тізбектің жасырын тетіктерін әшкереледі, деп хабарлайды ult.kz.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бірқатар ірі сауда субъектілері – ЖК «Омаров», «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС – әлеуметтік маңызы бар өнімдерді төмен бағамен сатып алып, оны нарықта бірнеше есеге қымбаттатып қайта өткізген. Сауда үстемесінің 17 пайыздан бастап 86 пайызға дейін жетуі – нарықтық әділеттілікке селкеу түсірген өрескел жағдай ретінде бағаланды.
Заң бұзушылықтарға байланысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, тиісті субъектілерге айыппұл салынған. Жыл басынан бері бұл бағыттағы бақылау жұмыстарының нәтижесі де аз емес: 171 сауда субъектісіне қатысты 643 әкімшілік хаттама толтырылып, 3,4 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.
Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленген шекті үстеменің сақталмауы – ең жиі тіркелген заң бұзушылықтардың бірі. 467 хаттама дәл осы талаптың бұзылуына қатысты рәсімделгені соны аңғартады. Ал кейбір сауда орындарында үстеме бағаның тіпті 203 пайызға дейін жетуі нарықтағы бақылаудың әлсіз тұстарын да айқын көрсетіп отыр.
Ең өзекті мәселенің бірі – «Алтын Орда» базарындағы жағдай. Өңірлік комиссия жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 13 сауда субъектісі бақылауға алынып, олардың арасынан 7 делдалдың қызметі тоқтатылды. Ресми дерекке сүйенсек, дәл осы делдалдық тізбек бағаның негізсіз өсуіне тікелей ықпал еткен.
Министрлік қазіргі таңда өндіріс пен ірі жеткізушілер арасындағы байланыстарды нақтылау, электрондық шот-фактуралар арқылы делдалдық схемаларды әшкерелеу жұмыстарын күшейткенін мәлімдеді. Бұл – азық-түлік нарығындағы «көрінбейтін қолды» тәртіпке салуға бағытталған қадамдардың бірі.
Азық-түлік бағасы – тек экономикалық көрсеткіш емес, әлеуметтік көңіл күйдің де өлшемі. Сондықтан да мұндай тексерулердің түпкі мақсаты – нарықты тұсаулау емес, тұтынушы мен өндіруші арасындағы әділетті арақашықтықты қалпына келтіру.