Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі салтанатты түрде басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Екі күнге созылатын мәдени шараның шымылдығы өңірдің түкпір-түкпірінен келген командалардың қатысуымен өткен көкпар жарысымен ашылды.
Фестиваль аясында Берел ауылындағы «Патшалар алқабы» тарихи-мәдени кешенінде қазақтың көрнекті ақыны Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған ас берілді. Тағылымды жиынға ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері мен мерейтой иесінің жақындары қатысты.
Кешкісін «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, Ақтан Нұрбаевтың мерейтойын елдік деңгейде атап өтудің маңызын атап өтті.

Поэзия кешінде еліміздің әр өңірінен келген танымал ақындар өлең оқып, фестивальге қатысқан қаламгерлердің әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы табысталды.
Фестиваль бағдарламасы 11 шілдеде «Ақтанымын Алтайдың» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасады.
Ал кешкі гала-концертте Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Башқұртстан, Тыва Республикасы және Моңғолиядан келген өнерпаздар өнер көрсетеді. Кештің басты хедлайнері – Димаш Құдайберген.