100 млн теңгелік талаптан бас тартты: жәбірленушілер Пакқа жеңіл жаза сұрады

100 млн теңгелік талаптан бас тартты: жәбірленушілер Пакқа жеңіл жаза сұрады
Олег Черновтың instagram парақшасынан

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған резонанстық жол-көлік оқиғасы бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды ult.kz HALYQSTAN телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Қаза тапқандардың туыстары айыпталушы Александр Пакты кешіретіндерін мәлімдеп, оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Сондай-ақ олар бұған дейін айтылған 100 миллион теңге көлеміндегі өтемақы талабынан бас тартты.

Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта өтіп жатқан кезекті отырысқа Александр Пак денсаулығына байланысты онлайн форматта қатысты. Оның аяғындағы ауырсыну мен тасымалдау кезіндегі қиындықтарға байланысты сот залына жеткізілмегені белгілі болды. Марқұмдардың туыстары да процеске қашықтан қосылды.

Сот барысында қаза болған қыздардың бірі – Құмардың анасы Бақытгүл Жолдасова қызының қазасы туралы ауыр естеліктерімен бөлісті.

Оның айтуынша, қызы такси жүргізіп, несие төлемдерін өтеумен айналысқан. Қайғылы оқиға болған күні ол несие бойынша 260 мың теңге төлеуі керек болған. Қажетті соманың жетіспеуіне байланысты қосымша табыс табу үшін жұмысқа шыққан.

– Сағат 23:30 шамасында қызымның үйге келмегеніне алаңдап, оған бейнеқоңырау шалдым. Көлікте жолаушылар отырған еді. Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз болды. Ол мені уайымдамауға шақырды. Алайда келесі күні таңертең оның қайтыс болғаны туралы хабар алдық, – деді марқұмның анасы аудармашы арқылы.

Бақытгүл Жолдасова сотта Александр Пакқа қатысты ешқандай талабы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген және материалдық әрі моральдық шығындарды өтеген.

– Біз оны кешірдік. Болашақта да ешқандай талап қоймаймыз. Татуласу өз еркімізбен жүзеге асты. Соттан оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраймыз, – деген мәлімдемені аудармашы оқып берді.

Марқұм Еламанның туыстарының мүддесін қорғаушы адвокат Олег Чернов мұндай шешім қабылдау жәбірленушілердің заңды құқығы екенін атап өтті.

Сонымен бірге ол айыпталушының жазадан толық құтылып кетуі екіталай екенін жеткізді.

– Қылмыстық кодекстің 345-1-бабында мас күйінде көлік жүргізіп, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған тұлғаларға 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл бапта балама жаза көзделмеген. Ерекше жағдайларда ғана сот өзге шешім қабылдауы мүмкін, бірақ мұндай мүмкіндік өте төмен деп есептеймін, – деді адвокат.

Сот отырысына қатысуы тиіс тағы бір жәбірленуші бұл жолы байланысқа шықпаған. Оның жауабы 4 маусым күні сағат 10:00-ге жоспарланған келесі отырыста тыңдалады.