Қазақстанның әр қаласында пәтер бағасы айтарлықтай ерекшеленеді. Krisha.kz-тегі нақты сатылым ұсыныстары негізінде жүргізілген салыстыруда Алматы тұрғын үй құны бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды ult.kz.
Ең қымбат баспана Алматыда
Алматыда пәтерлердің орташа ұсыныс бағасы мынадай:
- бір бөлмелі — 26,5 млн теңге;
- екі бөлмелі — 40 млн теңге;
- үш бөлмелі — 57 млн теңге.
Баға бойынша екінші орында — Астана. Мұнда:
- бір бөлмелі пәтер — 23 млн теңге;
- екі бөлмелі — 34 млн теңге;
- үш бөлмелі — 52 млн теңге.
Ең қымбат тұрғын үйі бар қалалардың алғашқы бестігіне сондай-ақ Шымкент, Атырау және Қостанай кірген.
Ең арзан пәтерлер қайда?
Тұрғын үй бағасы ең төмен қалалардың қатарында Қызылорда мен Жезқазған бар.
Қызылордада бір бөлмелі пәтердің бағасы шамамен 8 млн теңге, екі бөлмелі — 14 млн, үш бөлмелі — 18 млн теңге.
Ал Жезқазғанда бір бөлмелі пәтер 9,5 млн теңге, екі бөлмелі 13 млн, үш бөлмелі баспана 21 млн теңге тұрады.
Алматы мен өңірлер арасындағы айырмашылық қандай?
Қаладағы баспана бағасының айырмашылығы айтарлықтай. Мәселен, Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің бағасына Қызылордадан шамамен үш бір бөлмелі пәтер алуға болады.
Ал Алматыдағы бір екі бөлмелі пәтердің құнына Жезқазғаннан үш екі бөлмелі пәтер сатып алуға жетеді.
Астанадағы үш бөлмелі пәтердің бағасы Қызылордадағы үш бөлмелі үш пәтердің жалпы құнына жуық.
Пәтер бағасы қалай өзгеріп жатыр?
Қазақстанда жыл басынан бері тұрғын үй бағасы өскен. Дегенмен жалпы өсім әзірге қалыпты деңгейде қалып отыр — орта есеппен 2 пайыз.
Жекелеген қалаларда баға өсімі 8 пайыздан асқан. Ал Алматыда керісінше, жылдың алғашқы сегіз айында пәтер бағасы 1,4 пайызға төмендеген.