Алматыда Yandex Qazaqstan жүргізушісіз такси технологиясы таныстырылды. Жоба Қазақстанда пилотсыз көлік жүйелерін енгізу мүмкіндіктерін зерделеу аясында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды ult.kz.
Таныстырылым барысында Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов роботаксидің жұмыс істеу қағидатымен танысты. Жоба бастапқы кезеңде пилоттық режимде және шектеулі тестілеу форматында іске қосылады.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе жасанды интеллект технологияларына, жол жағдайын үздіксіз бақылауға және қауіпсіздік алгоритмдеріне негізделген. Сондай-ақ сервисте тәулік бойы диспетчерлік қолдау мен жолаушыларды сақтандыру қарастырылған.
Жоба қала көшелеріндегі нақты жағдайларда сынақтан өткізіліп, жүйенің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі дәлелденген жағдайда қызмет ауқымы кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес роботаксилерді пайдалануға арналған құқықтық базаны қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заңнамалық түзетулерде пилотсыз көліктердің мәртебесін анықтау, оларды пайдалану тәртібін белгілеу және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін айқындау көзделген.
Ведомство өкілдері әлемнің бірқатар елінде пилотсыз көлік технологияларының сәтті қолданылып жатқанын атап өтті. Қазақстанда бұл бағыт жоғары технологиялық сектордың дамуына серпін беріп, көлік саласын цифрландыруға ықпал етуі мүмкін.
Пилоттық жобаларды іске асыру үшін цифрлық инфрақұрылымы жақсы дамыған Алматы мен Астана негізгі алаңдар ретінде қарастырылып отыр. Роботаксилерді енгізу барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.