Freedom Inside '26

Алматыда тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған ең төменгі тариф өсті

Алматыда тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған ең төменгі тариф өсті
Алма Мұқанова / Kazinform

Алматыда көпқабатты тұрғын үйлерді басқару және күтіп-ұстау қызметтеріне арналған ең төменгі тариф ұлғайтылады. Жаңа шешім 2026 жылғы 28 маусымнан бастап күшіне енеді. Тұрғындар өзгерісті келесі айда келетін коммуналдық төлем түбіртектерінен байқай алады, деп хабарлайды ult.kz.

Жаңа ережеге сәйкес, тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған ең төменгі төлем әр шаршы метр үшін 70 теңге болып белгіленді. Бұл көрсеткіш тұрғын үй иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) қызметтері үшін міндетті ең төменгі мөлшер саналады. Мұндай тарифті енгізу үшін тұрғындардың келісімі талап етілмейді.

Сонымен қатар, тұрғындар жалпы жиналыс өткізіп, қажет болған жағдайда бұл соманы одан да жоғары деңгейде бекіте алады.

Айта кетейік, 2025 жылы Алматы мәслихаты тұрғын үйді күтіп-ұстаудың ең төменгі тарифін бір шаршы метр үшін 40 теңге көлемінде бекіткен болатын. Осыған байланысты ауданы 60 шаршы метр болатын пәтер иесінің ай сайынғы төлемі 2400 теңгеден 4200 теңгеге дейін өседі.

Жиналған қаражат тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға бағытталады. Атап айтқанда, кіреберістер мен аулаларды тазалау, ортақ мүлікті жөндеу, жарықтандыру жүйелерін қамтамасыз ету, жылыту маусымына дайындық, өрт қауіпсіздігін сақтау және инженерлік желілерді күтіп-ұстау жұмыстарына жұмсалады.

Түбіртектерде бұл төлем «Тұрғын үйді күтіп-ұстау», «Үйді күтіп-ұстауға кететін шығын» немесе соған ұқсас атаулармен көрсетілуі мүмкін.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған жарнаны пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері төлеуге міндетті. Өз кезегінде үйді басқарушы ұйым тұрғындарға ай сайынғы және жылдық қаржылық есеп беріп отыруы тиіс.

Бұдан бөлек, Алматыда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметінің тарифі де өзгереді. Жаңа мөлшерлеме бойынша бір адамға шаққандағы төлем 718,5 теңгеден 745 теңгеге дейін өседі.