Алматыда коттедждің екінші қабатындағы терезеден құлаған бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында оның өміріне төнген қауіп сейіліп, ауыр жарақат алған қолын сақтап қалу мүмкін болды, деп хабарлайды ult.kz.
№7 қалалық клиникалық аурухананың мәліметінше, бала ауруханаға түскен кезде оның жағдайы аса ауыр болған. Ол кома жағдайында жеткізіліп, дәрігерлер ашық бас-ми жарақатын, бас сүйегінің сынуын, миға қан құйылуын, тоқпан жіліктің ашық сынуын, иық артериясының зақымдануын, білек сүйектерінің сынуын және травматикалық геморрагиялық шокты анықтаған.
Науқас қабылданған бойда мамандар қажетті диагностикалық тексерулер жүргізіп, жарақаттарын өңдеп, жағдайын тұрақтандырғаннан кейін шұғыл операцияға кіріскен.
Күрделі отаға №7 қалалық клиникалық аурухана мен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері бірлесіп қатысты. Операция барысында мамандар зақымдалған иық артериясын қалпына келтіріп, сынған сүйектерді бекітіп, қолдың қан айналымын сақтап қалды. Бұл ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берген.
Жағдайы тұрақталғаннан кейін бала әрі қарай ем қабылдау үшін №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Қазір ол жансақтау және мамандандырылған бөлім мамандарының бақылауында ем алып жатыр.
№7 қалалық клиникалық аурухананың травматологы Әнуар Бейбітовтің айтуынша, мұндай жағдайларда дәрігерлердің үйлесімді әрі жедел жұмысы шешуші рөл атқарады.
Ал №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Данияр Сәбденәлиев биіктен құлау оқиғаларының басым бөлігінің алдын алуға болатынын атап өтті. Оның сөзінше, балаларды терезесі ашық бөлмеде қараусыз қалдырмау және қауіпсіздік талаптарын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы.