Freedom Inside '26

Алматыда қауіпті дәрі өндірген жасырын цехтар анықталды

Алматыда қауіпті дәрі өндірген жасырын цехтар анықталды
Видеодан скриншот

Алматыда құқық қорғау органдары ірі фармацевтикалық қылмыстық схеманың жолын кесті. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен операциясы барысында көрші елдерден дәрі-дәрмектерді заңсыз тасымалдап, оларды дәріханалар арқылы өткізумен айналысқан төрт фармацевтикалық компанияның қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу барысында күдіктілердің контрабандалық өнімдерді сатумен ғана шектелмей, психотроптық заттар бар дәрі-дәрмектерді қолдан жасағаны анықталды. Құқық қорғаушылар бірнеше қойма мен жасырын өндірістік цехты тапқан. Тергеу мәліметінше, контрафактілік өнімдер санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда дайындалған, бұл азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген.

Сонымен қатар фармацевтикалық бақылау саласындағы бірқатар лауазымды тұлғалардың заңсыз қызметті ақшалай сыйақы үшін қорғап келгені белгілі болды. Олар пара алу фактісі бойынша жауапқа тартылып жатыр.

ІІМ мәліметінше, қаржы және тауар айналымын талдау нәтижесінде көлеңкелі схемалардың болғаны расталған. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке бір жылдың ішінде 800 миллион теңгеден астам салық пен міндетті төлем төленбеген.

Арнайы операция кезінде ірі көлемдегі ақша, ондаған мың қорап жалған дәрі-дәрмек, айналымы шектелген препараттар, сондай-ақ оларды өндіруге арналған жабдықтар мен шикізат тәркіленді.

Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары іске қатысы бар барлық тұлғаларды, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді шетелден жеткізу арналарының толық тізбегін анықтауда.