Алматыда қатарласын аяусыз соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсірген оқушылар ұсталды. Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарағаннан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, оған қатысы бар барлық жасөспірімнің жеке басын анықтады, деп хабарлайды Ult.kz, Bairaq_Media-ға сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметке сәйкес, бір топ жасөспірім өз қатарласын ұрып-соғып, қорлаған сәтті видеоға түсірген. Кейін бұл жазбаны әлеуметтік желіге 14 жастағы қыз жариялағаны белгілі болды.
Алматы қалалық полициясы оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның анықталғанын мәлімдеді. Қазір Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары сотқа жолданады.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, жәбірленуші оқушыға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл істің ведомство басшылығының ерекше бақылауында екенін айтты.
«Наурызбай аудандық полиция басқармасы қылмыстық істі тергеп жатыр. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталды. Барлық мән-жайды жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Салтанат Әзірбек.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, заң аясында тиісті процессуалдық шешім қабылдамақ.