Алматыда психикалық денсаулық орталығынан кеткен ер адам мен әйелге қатысты полиция түсініктеме берді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, екі азамат медициналық мекемеден әртүрлі күндері өз бетімен шығып кеткен және олардың арасында байланыс жоқ, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, екі жағдай бойынша да Бостандық аудандық полиция басқармасы іздеу жұмыстарын бастаған.
«Олар медициналық мекемеден әр күндері өз бетінше шығып кеткен және олардың бір-біріне қатысы жоқ. Қазір азаматтардың орналасқан жерін анықтап, оларды медициналық мекемеге қайтару үшін жедел және іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, 37 жастағы Нелли Шахрай мен 35 жастағы Денис Антипин бірнеше айдан бері іздестіріліп жатыр.
Нелли Шахрай 2026 жылғы 16 сәуірде Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығынан шығып кеткен. Бойы – 167 сантиметр, дене бітімі орташа. Шашы ұзын, қара-қоңыр түсті, көздері қоңыр. Жоғалған кезде үстінде қою көк кофта, күлгін шалбар және көк түсті аяқ киім болған.
Денис Антипин 2026 жылғы 13 мамырда аталған медициналық орталықтан шығып кеткен. Бойы – 180 сантиметр, дене бітімі орташа. Шашы қысқа, қара-қоңыр, көздері қоңыр. Соңғы рет қара кеудеше, ақ футболка, қара шалбар және қара сланцы киген.