Алматыда полиция көлігінің жанында «ақ ұнтақ» көрсеткен ер адам ұсталды

Алматыда полиция көлігінің жанында «ақ ұнтақ» көрсеткен ер адам ұсталды
polisia.kz

Алматыда полиция көлігінің жанында арандатушылық сипаттағы бейнежазба түсіріп, оны әлеуметтік желіге жариялаған 43 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Бейнежазбада ер адамның полиция көлігінің сыртынан ақ ұнтақ салынған ораманы көрсетіп, қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны көрінеді. Видео әлеуметтік желілерде кеңінен тараған.

Бұл жағдай Алматы қаласы полиция департаментінің назарына іліккен. Тәртіп сақшылары бейнежазба авторының жеке басын анықтап, оны Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізді.

Полицияның мәліметінше, ұсталған ер адам бұған дейін сотталған 43 жастағы жергілікті тұрғын.

– Бейнежазба авторы ұсталды. Ықтимал есірткі қылмысы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік материалдар сотқа жолданған.

Қазір полицейлер бейнежазбада көрсетілген заттың шығу тегін, құрамын және мөлшерін анықтап жатыр.