Freedom Inside '26

Алматыда көпқабатты үй жертөлесінен жасырын есірткі плантациясы табылды

Алматыда көпқабатты үй жертөлесінен жасырын есірткі плантациясы табылды
Polisia.kz

Алматы қаласында полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінде заңсыз есірткі өсімдіктерін өсіру дерегін анықтап, оның жолын кесті. Оқиға туралы Polisia.kz хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу тұрғындардан “102” арнасына түскен хабарлама негізінде басталған. Көршілер жертөле маңында күмәнді, есірткіге тән иістің тарағанын айтқан.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы жертөледе арнайы жабдықтар орнатылып, қарасораға ұқсас өсімдіктерді өсіруге қолайлы жасанды жағдай жасалғанын анықтады.

Жедел іс-шаралар барысында бұл іске қатысы бар адамдар да белгілі болды. Тексеру кезінде ондаған түп қарасораға ұқсас өсімдік, сондай-ақ кептірілген өсімдік тектес заттар тәркіленген.

Сонымен қатар, есірткі дайындауға арналған құралдар — жарықтандыру жүйелері, электронды таразылар, вакуумды қаптау құрылғылары және температураны бақылау жабдықтары алынған.

Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Батыржан Абдумасаровтың айтуынша, мұндай деректер ерекше бақылауда.

“Құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру – есірткінің заңсыз айналымына алып келетін қылмыстық тізбектің бір бөлігі. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады”, – деді ол.

Қазіргі таңда күдіктілер полицияға жеткізіліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.