Алматыда көпқабатты үйдегі өрт кезінде 26 адам құтқарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Бүгін таңертең Алматы қаласының Әуезов ауданында, Ақсай-1А шағынауданында орналасқан тоғыз қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шықты. Өрт аумағы 20 шаршы метрді құрады.
ТЖД құтқарушылары автосаты, құтқару қалпақтары және баспалдақ арқылы 26 адамды, оның ішінде 2 баланы құтқарды. Сонымен қатар 40 адам эвакуацияланды.
Өрт жарты сағат ішінде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.