Freedom Inside '26

Алматыда инфекцияларды анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесі іске қосылды

Алматыда инфекцияларды анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесі іске қосылды
Gov.kz

Алматы қаласындағы И. Жекенова атындағы Қалалық клиникалық инфекциялық аурулар ауруханасында жаңа зертханалық кешен ашылып, онда жасанды интеллект элементтері енгізілген автоматтандырылған жүйе іске қосылды, деп хабарлайды ult.kz.

Жаңа зертхананың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Жобаның басты ерекшелігі – зертханалық зерттеулерді жылдам әрі дәл жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған трек жүйесі. Жасанды интеллект технологиялары енгізілген бұл жүйе зерттеу үдерісін оңтайландырып, диагностика уақытын қысқартуға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, зертханаға түскен биологиялық үлгі жүйе арқылы автоматты түрде өңделеді. Бағдарлама қажетті талдау түрлерін анықтап, материалды тиісті құрылғыларға бағыттайды және дайын нәтижелерді дәрігерлерге жеткізеді.

Сондай-ақ жасанды интеллект зертханалық анализаторлар арасындағы жүктемені тиімді бөліп, деректерді өңдеу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Автоматтандырудың арқасында қолмен атқарылатын жұмыстардың көлемі азайып, адами қателік тәуекелі төмендейді. Бұл әсіресе инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастар үшін маңызды, өйткені зерттеу нәтижелерін жедел алу дәрігерлерге диагнозды тез қойып, емдеуді уақытылы бастауға жағдай жасайды.

Бұдан бөлек, жаңа технология медицина қызметкерлерінің биологиялық материалдармен тікелей байланысын азайтып, зертханадағы еңбек қауіпсіздігін күшейтеді.

Денсаулық сақтау саласы өкілдерінің пікірінше, мұндай цифрлық шешімдер медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, инфекциялық ауруларды анықтау мен емдеудің тиімділігін жақсартуға ықпал етеді.