Алматы қаласында 4 шілде күні ауа райының күрт бұзылуына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
«Қазгидромет» РМК-ның болжамына сәйкес, күндіз қалада өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сондай-ақ батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Ал Іле Алатауының таулы бөліктерінде, атап айтқанда Медеу және Бостандық аудандарында жаңбырмен қатар кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетсе, күндіз жекелеген аумақтарда 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 4-5 шілде аралығында нөсер жауын-шашын салдарынан таулы аймақтарда сел жүру қаупі сақталады.
Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындар мен қала қонақтарын дауылды ескерту кезінде тауға шықпауға, автокөліктерді ағаштардың астына қоймауға, сондай-ақ әлсіз бекітілген құрылымдардың жанында тұрмауға шақырды.
Мамандар тұрғындарға ауа райына қатысты ресми ақпараттарды бақылап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.