Әлеуметтік желілердегі қауіпті контент, кибербуллинг пен балаларға қатысты онлайн қылмыстардың алдын алу бойынша қала деңгейінде қандай нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны тулалы тілшіміздің сұрағына Алматыдағы Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында жауап берді.
«Біздің басқарма жұмысын биыл 1 маусымнан бастады. Қазір аудан-аудан бойынша ата-аналар мен Алматы тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Алматы қауіпсіз балалық шақ» деген бір керемет жоба іске қосылғалы отыр. Сол жоба аясында көп жұмыстар жоспарланып отыр. Нақты айтып кететін болсам, тамыз айында мемлекеттік мектептердің басшыларына және тәрбие жөніндегі орынбасарларына үлкен семинар өткізгелі жатырмыз. Сондай-ақ онда мектеп психологтарына 111 бірыңғай байланыс жүйесі бойынша қалай жұмыс істеу керектігін және қалай бірігіп жұмыс істеу қажет екенін талқылаймыз», - Жанат Айтпаева.
Алматыдағы Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысының айтуы бойынша мұндай қылмытардың алдын алу, түсіндіру жұмыстары да маңызды. Осы ретте «DOSBOLLIKE» бағдарламасы аясында буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға арналған 112 мыңнан астам сабақ өткізілді. Оған 314 мыңнан астам оқушы қатысты.
Маман берген деректерге сүйенсек, өткен оқу жылында Алматыда балалар арасындағы буллингке қатысты 457 өтініш тіркелді. Оның барлығы сенім телефоны, 111 бірыңғай байланыс желісі мен консультациялық алаңдар арқылы келіп түскен. Мамандар әрқайсысын тексеріп, қажет болған жағдайда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен басқа да бейінді қызметті осы іске тартқан.