Алматыда тұрғын үй кешенінің ауласында ойнап жүрген балаға күш көрсеткен ер адам ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан ер адамның балаларға жақындап келіп, олардың бірін итергені байқалады. Салдарынан бала дене жарақатын алған.
Полицияның мәліметінше, күдікті – осы тұрғын үй кешенінің тұрғыны. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға балалар арасындағы ойын кезінде туындаған жанжал себеп болған. Осыдан кейін ер адам жағдайды өз бетінше шешуге әрекеттенген.
Аталған факті бойынша балаға дене жарақатын келтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.