Алматыда 649 жер телімі сауда-саттықсыз жеке меншікке берілген

Алматыда 649 жер телімі сауда-саттықсыз жеке меншікке берілген
Алматы әкімдігі

Алматыда билбордтарды орналастыру үшін заңсыз берілген 649 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Қала прокуратурасының мәліметінше, 2004-2020 жылдары Алматы әкімдігі жалпы пайдаланудағы жерлерді тиісті тізімнен заңсыз шығарып, оларды билбордтарды орналастыру және қызмет көрсету үшін сауда-саттықсыз жеке меншікке берген.

Осылайша, жер учаскелері жер заңнамасының талаптарын бұза отырып жеке меншікке сатылған.

Алматы прокуратурасының ұсынуы негізінде Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап-арыз берген. Сот талапты қанағаттандырды.

Нәтижесінде жолдың бөлінген белдеуінде орналасқан, жалпы аумағы 0,298 гектар болатын 649 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұған дейін Атырау облысында 500 гектар ауыл шаруашылығы жерінің мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланған болатын.