Алматының тауларында үш жасөспірім бағытынан адасып, өздігінен төмен түсе алмай қалған. Құтқарушылардың көмегімен олар қауіпсіз жерге эвакуацияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға Бостандық ауданындағы Аюсай шатқалында болған. Үш жасөспірім Үлкен Алматы шыңынан түсіп келе жатып, бағытынан адасып қалған.
Жасөспірімдермен байланыс сақталып, олардың геолокациясы анықталған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы «Барыс» РММ құтқарушылары жұмылдырылды.
Құтқарушылар Космостанциядан көрсетілген геолокация бағытына жаяу шығып, жасөспірімдерді Аюсай шатқалынан тапқан.
Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар жасөспірімдерді тау бағытымен Космостанцияға дейін алып түсіп, кейін қауіпсіз жерге жеткізді.
Үш жасөспірім аман-есен туыстарына тапсырылды.
ТЖМ таулы аймаққа шығар алдында маршруттың күрделілігін ескеріп, өз мүмкіндіктерін объективті бағалауды ұсынады. Сонымен қатар өзіңізбен бірге қуаты толық ұялы телефон мен жеткілікті мөлшерде су алып жүру, жоспарланған маршрут туралы жақындарыңызға алдын ала хабарлау қажет.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз.