Алматы облысындағы Левый Талғар шатқалында жорық кезінде туристің үстіне тас құлап, ол ауыр жарақат алды. Зардап шеккен азаматты құтқарушылар шұғыл эвакуациялады, деп хабарлайды ult.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға теңіз деңгейінен 2 970 метр биіктікте болған. Хабарлама түскен бойда екі бақылау-құтқару бекетінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жеткен.
Құтқарушылар туристі тауып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Мамандар оның жағдайын ауыр деп бағалаған.
Күрделі таулы аймақта зардап шегушіні Кіші Талғар асуына дейін зембілмен алып шыққан құтқарушыларға кейін Алматы қаласы Альпинизм федерациясының еріктілері қосылды. Бірлескен эвакуация жұмыстары "Шымбұлақ" тау курортына дейін жалғасты.
Одан әрі турист Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырылып, қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.