Freedom Inside '26

Алматы тауларында құтқарушылар екі жасөспірімді 3200 метрден астам биіктіктен түсірді

Алматы тауларында құтқарушылар екі жасөспірімді 3200 метрден астам биіктіктен түсірді
©Анатолий Устиненко

Алматы қаласының құтқарушылары Күмбел шыңында қалып қойған екі жасөспірімді қауіпсіз жерге түсірді деп хабарлайды ult.kz.

Төтенше жағдай туралы хабарлама кеше кешкі уақытта түскен. Мәліметке сәйкес, 2009 жылы туған екі жасөспірім биіктігі 3200 метрден асатын Күмбел шыңына көтерілген. Алайда олар төменге өздігінен түсе алмай, қиын жағдайға тап болған.

Оқиға кезінде жасөспірімдермен байланыс үзілген, олардың нақты орналасқан жері белгісіз болған. Осыған байланысты Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын бастады.

Таулы аймақтың күрделі бедері мен түнгі уақытқа қарамастан, құтқарушылар операцияны сәтті жүргізіп, жоғалған жасөспірімдерді тауып шықты.

Бүгін таңертең құтқарушылар оларды аман-есен экобекетке жеткізіп, ата-аналарына тапсырды. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖД мамандары тұрғындар мен туристерге тауға шығар алдында бағытты мұқият жоспарлап, ауа райын ескеруге, сондай-ақ байланыс құралдарын өздерімен бірге алып жүруге кеңес береді.