2026 жылы Алматының үш туристік нысаны The Worldworthy 100 халықаралық редакциялық рейтингінің үздіктер қатарына енді. Атап айтқанда, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Қимасар шатқалы әлемдегі үздік жаяу туристік бағыттар арасында 56-орынға, Бутаков шатқалы 79-орынға жайғасты. Ал «Шымбұлақ» аспалы жолы әлемдегі үздік аспалы жолдар тізімінде тоғызыншы орынға көтерілді. Үш нысан да 2026 жылғы рейтингтің лауреаты атанып, арнайы сертификаттарға ие болды.
Алматының туристік әлеуетін сөз еткенде, ең алдымен Іле-Алатауының табиғи ерекшелігіне тоқталған жөн. Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан бұл аумақ – еліміздің табиғи мұрасы мен биологиялық әртүрлілігін сақтап отырған маңызды экожүйелердің бірі.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1996 жылы құрылған деп жиі айтылғанымен, оның ресми тарихы 1931 жылдан басталады. Парк аумағы 200 160 гектарды алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай 120 шақырымға, оңтүстіктен солтүстікке қарай 30 шақырымға созылатын табиғи кеңістіктің ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 4979 метрге жетеді.
Мұндағы табиғаттың басты ерекшелігі – ландшафттардың алуан түрлілігі. Тау етегіндегі далалы алқаптардан бастап, қылқан жапырақты ормандарға, альпілік шалғындар мен мәңгілік мұздықтарға дейінгі табиғи белдеулер біртұтас экожүйені құрайды. Сарқырамалар, тау көлдері, реликті мүк шыршалы ормандары мен мұздықтар да осы табиғи байлықтың ажырамас бөлігі.
Ұлттық парк мәліметінше, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 37 түрі мен жануарлардың 30 түрі осы аумақта кездеседі. Демек, Іле-Алатауы тек демалыс орны ғана емес, ғылыми зерттеу, табиғатты қорғау және экологиялық ағарту жұмыстары үшін де айрықша маңызы бар аймақ. Таулы аймақтарды суретке түсірумен әуестенетін фотограф Азамат Құсайыновтың айтуынша, осындай табиғи ерекшеліктері бар өңірде туризмді дамыту үлкен мүмкіндіктермен қатар, жауапкершілікті де талап етеді. Өйткені туристік ағынның артуы табиғи ортаға түсетін салмақты көбейтуі мүмкін. Сондықтан ұлттық парктің басты міндеті – адамдарға табиғатты таныстыру мен оның бастапқы қалпын сақтаудың арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету.
«Әлемдік рейтингте 56-орынға ие болған Қимасар шатқалы – Алматы тұрғындары мен қала қонақтары жиі таңдайтын тау бағыттарының бірі. Оның танымалдығы ең алдымен табиғи көріністерінің әсемдігімен, қалаға жақындығымен және жаяу саяхаттауға қолайлы бағыттарымен байланысты.
Қимасар шатқалы Іле-Алатауы ұлттық паркінің Медеу филиалы аумағында орналасқан. Бұл жерден Бутаков шатқалына, Қимасар асуына, сарқырамаға және бірқатар тау шыңдарына бағыт алуға болады. Яғни бір ғана шатқал бірнеше туристік маршруттың тоғысқан нүктесіне айналған.
Жаяу туризмнің ерекшелігі – табиғатты асықпай тануға мүмкіндік беруінде. Автокөлікпен немесе аспалы жолмен жету мүмкін емес кейбір көріністерді адам тек жаяу жүргенде ғана байқайды. Тау соқпағындағы өсімдіктер әлемі, бұлақтардың сылдыры, орманның табиғи тынысы мен биіктеген сайын өзгеретін ландшафт саяхаттың мазмұнын байыта түседі», – дейді фотограф Азамат Құсайынов.
Қимасардың халықаралық рейтингке енуі осындай бағыттардың туристік құндылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Бұл, әсіресе, табиғат аясында белсенді демалысты қалайтын шетелдік саяхатшылар үшін маңызды. Себебі қазіргі туризмде тек көрікті жерлерді тамашалау емес, сол ортаның табиғи ерекшелігін сезіну, жергілікті экожүйемен танысуға деген қызығушылық та артып келеді.
Алайда танымалдықтың артуы маршруттың экологиялық жағдайына да әсер етпей қоймайды. Тау соқпақтарындағы топырақтың тапталуы, белгіленбеген жолдардың пайда болуы, тұрмыстық қалдықтардың жиналуы – табиғи аумақтарда кездесетін өзекті мәселелер. Сондықтан туристік бағыттарды дамыту кезінде қауіпсіздік пен экологиялық талаптарды қатар сақтау қажет.
The Worldworthy 100 рейтингінде 79-орын алған Бутаков шатқалы да Алматының табиғи келбетін айшықтайтын ерекше орындардың бірі. Қалаға жақын орналасқанына қарамастан, мұнда тау табиғатының өзіндік тыныштығы мен көркемдігін сезінуге болады.
«Шатқалдың басты ерекшеліктерінің бірі – сарқырамалары мен орманды алқаптары. Әсіресе Бутаков сарқырамасы туристер жиі баратын көрікті орындардың қатарында. Тау өзенінің ағысы, орман арасындағы табиғи соқпақтар мен шатқалдың географиялық ерекшелігі бұл аумақты жаяу саяхаттауға қолайлы етеді.
Бутаков шатқалының туристік маңызы оның табиғи сұлулығымен ғана шектелмейді. Ол Қимасар және өзге де тау бағыттарымен байланысып, Алматы маңындағы жаяу туризм желісінің бір бөлігіне айналған. Мұндай маршруттардың болуы қала тұрғындарына демалыс күндерін табиғат аясында өткізуге мүмкіндік берсе, шетелдік туристерге Алматының тау мәдениетімен жақынырақ танысуға жол ашады.
Дегенмен табиғи аумақтардың танымалдығы артқан сайын оларды қорғау мәселесі де өткірлене түседі. Шатқалдарда белгіленген бағыттан ауытқымау, өсімдіктерді жұлмау, жануарлардың тіршілік ортасына кедергі келтірмеу және қоқысты өзімен бірге алып кету секілді қарапайым талаптардың өзі табиғатты сақтауда маңызды рөл атқарады», – дейді фотограф.
Бұл жерде экологиялық мәдениеттің маңызы ерекше. Өйткені табиғатты қорғау тек мемлекеттік мекемелер мен ұлттық парк қызметкерлерінің міндеті емес. Оған әрбір келушінің жауапкершілігі мен саналы әрекеті қажет.
Алматының әлемдік туристік картадағы орнын айқындайтын үшінші нысан – «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты. Оның аспалы жолы The Worldworthy 100 рейтингінде әлем бойынша тоғызыншы орынға ие болды. Бұл көрсеткіш «Шымбұлақтың» тек Қазақстандағы емес, халықаралық деңгейдегі туристік нысан ретінде де танылып келе жатқанын аңғартады.
«Шымбұлақтың» ерекшелігі – оның жыл бойы туристерді қабылдай алатын мүмкіндігінде. Қыс мезгілінде тау шаңғысы мен сноуборд тебуге қызығушылық танытатындар көп болса, жылы маусымда келушілер таудың көрінісін тамашалап, таза ауада серуендеп, табиғат аясында демалуға мүмкіндік алады.
Аспалы жол туристердің биік таулы аймақтарға қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар ол Алматының туристік инфрақұрылымындағы маңызды нысан ретінде қаланың халықаралық имиджіне ықпал етеді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 1,6 миллионнан астам адам барған. Ал 2025 жылы «Шымбұлақ» шетелдік туристер арасында қаладағы ең танымал бағыттардың бірі болып, шетелдік туристік сапарлардың 30,62 пайызын құраған.
Бұл деректер тау туризмінің Алматы экономикасы мен туристік қызметтер нарығындағы орнын көрсетеді. Туристік ағынның артуы қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, гид қызметі және өзге де салалардың дамуына серпін береді. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шағын кәсіпкерліктің жандануына ықпал етеді.
Алайда туристік инфрақұрылымды кеңейту кезінде табиғи ортаның мүмкіндігін ескеру маңызды. Тау экожүйесі антропогендік жүктемеге сезімтал келеді. Сондықтан туристер санының өсуі табиғи аумақтардың тозуына алып келмеуі үшін келушілер ағынын басқару, экологиялық мониторинг жүргізу және инфрақұрылымды табиғатқа зияны аз тәсілдермен дамыту қажет.
Worldworthy ұйымының Қазақстанға арналған 2026 жылғы тізімінде Алматы мен еліміздің өзге де туристік нысандары бар. Атап айтқанда, Шымбұлақтан бөлек, Шарын шатқалы, Көктөбе аспалы жолы, Алматы қаласы, Тереңқұр және басқа да нысандар түрлі санат бойынша рейтингке енген. Жалпы, Қазақстанның 11 нысаны жеті түрлі тізімде көрсетілген.
Бұл – еліміздің туристік әлеуеті тек бір қаламен немесе бір ғана бағытпен шектелмейтінін көрсететін белгі. Қазақстанда тау туризмімен қатар, тарихи-мәдени, экологиялық, этнографиялық және табиғи туризмді дамытуға мүмкіндік мол.