Freedom Inside '26

Алматы қуыршақ театры Бас жүлде иеленді

Алматы қуыршақ театры Бас жүлде иеленді
Алматы әкімдігі

Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Қазанда өткен VI «Шомбай-fest – 2026» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде Бас жүлде иеленді, деп хабарлайды ult.kz. 

Фестивальге Қазақстаннан, Африка елдерінен, Серб Республикасынан және Ресейдің түрлі өңірлерінен келген театр ұжымдары қатысты. 

Театр фестивальдің ең жоғары марапатына ұлттық құндылықтар мен қазақ мәдени мұрасын дәріптеуге арналған «Ортеке» спектаклі үшін ие болды. Байқауға 14 театр қатысып, 150-ден астам қуыршақ өнерінің шебері өнер көрсетті. 

Қазылар алқасының төрағасы Давид Бурманның айтуынша, Алматы ұжымына Бас жүлдені беру туралы шешім бірауыздан қабылданған. Сонымен қатар театр 2027 жылы Санкт-Петербургте өтетін «КУКART» халықаралық фестиваліне қатысуға шақырту алды. 

Театрдың 90 жылдығына орай сахналанған «Ортеке» спектаклі көрермендерді қазақтың салт-дәстүрімен, ауыз әдебиетімен және ұлттық музыкалық мәдениетімен таныстырады.