Freedom Inside '26

Алматы облысында сушиден уланғандар саны 19-ға жетті

Алматы облысында сушиден уланғандар саны 19-ға жетті
ДСМ

Алматы облысының Боралдай кентіндегі «Алатау» базарында орналасқан «Sushi Time» дәмханасы жаппай улану оқиғасынан кейін уақытша жабылды, деп хабарлайды ult.kz.

Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, тағамнан улану белгілерімен 19 адам ауруханаға жеткізілген. Алдын ала деректер бойынша, олардың барлығы аталған дәмханадан тамақтанған.

Ведомствоның хабарлауынша, алғашқы шағымдар түскен сәттен бастап жағдайға денсаулық сақтау органдары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері араласқан. Қазір санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.

Мамандар зертханалық сараптама үшін тағам өнімдерінен сынама алып, қажетті материалдарды уәкілетті органдарға жолдаған. Оқиғаның нақты себебі зерттеу нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.

Сондай-ақ санитариялық дәрігерлер тұрғындарды тағамнан уланудың алғашқы белгілері – құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға шақырды. Мамандар мұндай кезде өз бетінше емделудің қауіпті екенін ескертті.

Еске сала кетейік, бұған дейін мамандар тағамнан улану қаупі жоғары өнімдер туралы түсініктеме берген болатын.