Алматы облысының прокуратурасы білім беру саласында балалардың құқықтарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда жүргізілген тексеру барысында бұл талаптардың бірқатар мектепте сақталмағаны белгілі болды.
Прокуратура мәліметінше, облыстағы 70-тен астам мектепте 1 101 бала тегін ыстық тамақпен қамтылмаған. Заңбұзушылықтар Еңбекшіқазақ ауданындағы 45 мектепте, Талғар ауданында – 7, Жамбыл ауданында – 5, Ұйғыр ауданында – 14, Қарасай ауданында – 4 мектепте және Қонаев қаласындағы 9 білім беру ұйымында анықталған.
Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде балалардың құқықтары қалпына келтіріліп, барлық оқушы тиісті ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасының дерегінше, жыл басынан бері өңірде 30 мыңға жуық баланың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалған.