Алматыдағы №68 мектеп-гимназиясында оқу жылының басында бірнеше мұғаліммен еңбек шарты тоқтатылған. Бұған ата-аналар наразылық білдіріп, мектеп әкімшілігінен түсініктеме беруді талап етті, деп хабарлайды ult.kz Zakon.kz ақпарат сайтына сілтеме жасап.
Редакцияға Орбита-2 шағынауданында орналасқан мектеп-гимназия оқушыларының ата-аналарынан ұжымдық өтініш түскен. Олардың мәліметінше, мектепте кемінде 12 мұғалім жұмыстан кеткен. Ата-аналар арасында тәжірибелі әрі оқушылардың құрметіне ие болған ұстаздар да бар екенін айтқан.
Оларды әсіресе мұғалімдердің оқу жылы басталған тұста ауысқаны алаңдатқан.
«Мұғалімдердің күтпеген жерден ауысуы оқу процесінің сабақтастығына әсер етіп, оқушыларға қосымша психологиялық салмақ түсіреді», – деп жазылған ата-аналардың өтінішінде.
Ата-аналар нақты мысал ретінде 3 «М» сыныбының бастауыш сынып мұғалімі Семенова Н.-ны келтірген. Ол балаларға бірінші сыныптан бері сабақ беріп келген. 31 тамызда ата-аналар жиналысын өткізген, 1 қыркүйекте сабаққа кіріскен. Ал 3 қыркүйекте ата-аналарға мұғаліммен еңбек қатынастарының зейнет жасына жетуіне байланысты тоқтатылғаны хабарланған.
Алайда Алматы қаласының Білім басқармасы ата-аналардың мәліметін нақтылап, мектепте 12 емес, тоғыз педагогпен еңбек қатынастары тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Мектеп әкімшілігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, зейнет жасына жеткен тоғыз педагогпен еңбек қатынастары жалғастырылмаған. Олардың жасы 68 бен 78 жас аралығында», – деп хабарлады басқарма.
Ведомствоның мәліметінше, мұғалімдерге еңбек қатынастарының тоқтатылатыны алдын ала жазбаша түрде хабарланған. Атап айтқанда, 68 жастағы Семенова Н. 2026 жылғы 26 мамырда ескертілген. Ол 58 жасында зейнет жасына жеткеннен кейін де мектепте тағы 10 жыл жұмыс істеген.
Осыған байланысты Білім басқармасы кадрлық өзгерістер оқу жылының басталуына байланысты күтпеген жерден қабылданбағанын атап өтті.
Сондай-ақ басқарма 3 қыркүйекте мектеп директоры 3 «М» сыныбының ата-аналарымен кездесіп, мұғалімнің еңбек шартын тоқтату негіздері бойынша түсініктеме бергенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда мектепте оқу процесін қамтамасыз ету үшін педагогтер толық жасақталған. 3 «М» сыныбы тиісті біліктілігі мен тәжірибесі бар жаңа мұғаліммен оқуын жалғастырады.
Сонымен қатар Білім басқармасы ата-аналардың, әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін мұғалімнің ауысуына алаңдайтынын түсінетінін жеткізді.
Мектеп басшылығына ата-аналар өкілдерімен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың жаңа сынып жетекшісіне бейімделуіне жағдай жасау ұсынылған.