Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңғырту терминалдың барлық бөлігін қамтиды. Атап айтқанда, еден мен төбе жабындары, желдету және электрмен жабдықтау жүйелері, жолаушыларды тіркеу және багаж қабылдау аймақтары жаңартылуда.
Әкім қайта жаңартылып жатқан ұшаққа отырғызу залын, балалар алаңын және жаңа қоғамдық тамақтану орны орналасатын террасаны аралап көрді. Сонымен қатар гейттерді жалғайтын жаңа көпірдің жобасымен танысты.
Негізгі жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Одан кейін ішкі және халықаралық терминалдарды байланыстыратын дәлізді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңді қазан-қараша айларында аяқтау көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды әуежайдың жаңа кіреберіс бөлігінің құрылыс барысын тексерді.
Әкім жауапты тұлғаларға сапа талаптарын қатаң сақтай отырып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.