Freedom Inside '26

Алматы әуежайындағы құрылыс алаңында құбырлар құлады: оқиғаға байланысты тексеру басталады

Алматы әуежайындағы құрылыс алаңында құбырлар құлады: оқиғаға байланысты тексеру басталады
ашық дереккөз

Алматы халықаралық әуежайының аумағындағы құрылыс алаңында болған оқиғаға байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтер негізінде оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен.

Алдын ала мәлімет бойынша, 11 маусым күні құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс конструкциялары, нақтырақ айтқанда құбырлар құлаған. Оқиға әуежай аумағындағы құрылыс алаңында болған.

Қазіргі уақытта басқарма қажетті материалдарды жинап, оқиғаға қатысты барлық деректерді зерделеп жатыр. Кейін бұл құжаттар жоспардан тыс тексеруді тіркеу үшін прокуратура органдарына жолданады.

Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында құрылыс нормаларының сақталуы, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының ұйымдастырылуы мен жүргізілуінің заң талаптарына сәйкестігі бағаланады.

Егер тексеру қорытындысында заңнама талаптарының бұзылғаны анықталса, жауапты тұлғаларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Айта кетейік, Алматы халықаралық әуежайында жаңа терминал мен инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға бағытталған құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері тексеру нәтижесінде белгілі болады.